2026 жылғы 4 наурыз күні Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастыруымен облыстық сараптамалық және ғылыми-әдістемелік кеңестер аясында әдістемелік өнімдер мен авторлық материалдарды бекіткен педагогтердің озық тәжірибесін тарату және қорыту мақсатында онлайн форматта облыстық конференция өткізілді.
Конференцияны Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі оқытушысы Бектемирова А.А. жүргізді.
Іс-шара барысында Қазақстан тарихы пәні бойынша әзірленген «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы әдістемелік құрал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің функционалдық сауаттылығын дамыту, тарихи деректерді талдау және сараптау дағдыларын қалыптастыру құралы ретінде жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар аталған әдістемелік өнім білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталғаны атап өтілді.
Конференцияға біздің колледждің тарих пәні оқытушылары да қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауаптар алып, тәжірибе алмасты. Онлайн форматтағы мазмұнды кездесу педагогтердің әдістемелік қоржынын толықтырып, заманауи білім беру үрдісінде тиімді қолдануға болатын жаңа идеялармен танысуға мүмкіндік берді.
Аталған іс-шара жалпы гуманитарлық бағыттағы оқытушылар үшін маңызды кәсіби алаң болды деп есептейміз. Осындай кездесулер педагогтердің шығармашылық ізденісін арттырып, білім сапасын жетілдіруге және озық тәжірибені кеңінен таратуға ықпал етеді.
Колледж әдіскері: Хали А.К



Комментарии